Понедельник, 06.05.2024, 15:20
Приветствую Вас Гость | RSS

Методический центр помощи учителю

Каталог статей

Главная » Статьи » Мои статьи

Конструктивті білім берудегі жетістіктер немесе әріптестермен ой бөлісу

Лермонтов атындағы №17 жалпы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Шымкент қаласы

 

        Конструктивті білім берудегі жетістіктер немесе әріптестермен ой бөлісу

         Заман талабына сай білім мен ғылымның қарқынды дамуына байланысты уақыт ағымына ілесе отырып, еліміздің саналы, білімді, сыни ойлай алатын, шешім қабылдауға әрқашан даяр, тәуекелшіл ұрпақ тәрбиелеу мақсаты қойылып отыр.  

  3 айлық курсты аяқтаған соң, меңгерген  жеті модульді сабақ барысында қолдана отырып, бірлескен әрекеттер арқылы оқушылардың арасында тиісті орта қалыптастыру бағытында өз білген-түйгендерім бойынша  сабақ бердім. Оқушылар конструктивті оқыту жүйесін жылы қабылдады. Әсіресе, өзін-өзі бағалауға, топтық жұмыстарда өзін танытуға,  бірін-бірін тыңдауға,  бірінен бірі үйрену мүмкіндігі бар екені қатты қуантады.  Бұл оқушылардың мотивациясының дамуы мен білім сапасының артуына септігін тигізді.

    Десек те, қиындықтар болмай қойған жоқ. Әу бастан оқушыларды бірлескен жұмыстар жасауға, оларды сыни ойлауға, сыни бағалауға үйрету оңай болған жоқ. Олар  топтық жұмысты сабақты сайыс сабақтарға айналдырып жіберді: бір-бірімен жарысу, сайысу, біреудің сынын қабылдамау, досына ренжіп қалу сияқты әрекеттер көптеп кездесті. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау жолдарын қарастырдым, іздендім, сынып ережесін құрғызып, ережеге бағыну қағидасын игерттім. Оқушыларым жылдам үйрене бастады, олардың арасында ашық, еркін, шығармашылық қарым-қатынас орнады. Олар бірін-бірі үйретуге, біріне-бірі көмектесуге, ақпарат алмасып,ой жарыстыруға, ізденуге дағдылана бастады.

    Жыл басында  тиімді білім беру мақсатында әр түрлі деңгейдегі балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып,  ұзақ мерзімді жоспарлау мен қысқа мерзімді жоспарлау  дайындап, тапсырмаларды балалар үшін тартымды, қызықты және оларға сәйкес келетіндей етіп жасадым. Білім берудегі және білім алудағы жаңа тәсілдер модулінің бастамасымен білім беру негізін түсініп, оның әдістерін ұтымды таңдай отырып, сабақтарда жүйелі түрде жаңа технологиялардың әдіс- тәсілдерін жоспарға ендірдім.  Сондай-ақ, өздері білетін ақпаратпен байланысты жаңа ақпарат алу мүмкіндігін қамтитындай болғаны дұрыс деп есептедім. Бұл мақсатты Блум таксономиясы, кубизм, ой қозғау, болжау, кластерлер, оңай және қиын сұрақтар кестесі, инсерт, екі жұлдыз, бір тілек, топтық зерттеу, венндиаграммасы, РАФТ, бес жолды өлең , Джигсо сияқты стратегиялар  мен жұмыс түрлері арқылы орындадым. Әр сабақ соңында рефлективті есеп жазып, сабақтағы кедергілерді жою жолдарын қарастырып, анализ жасап, нәтижелермен, қорытындылармен талдап отырдым.

      Шындығында балалар өздеріндегі бар білімді қолдана алмайды. Мұның себебі, олар қолдану жолдарын білмейтін болуы мүмкін. Ал проблеманы шешу кезінде тиімді жол таба алмайды. Ғалымдар жүргізген зерттеу бойынша, мұндай оқушылар өзін-өзі реттеуді, метакогнитивті көмекті қажет ететінін дәлелдейді. Өте қабілетті және дарынды балалардың ерекшеліктерінің бірі- қабілеті төмен құрдастарымен салыстырғанда олардың метакогнитивтік хабардарлығының жоғары болуы (Sternberg, 1983).Олар өздерінің не білетінін, не білмейтінін және қалай білуге болатынын, білім алу үшін оған қандай көмек керек болатынын жақсы түсінеді. Ғалымдар қабілеті жоғары оқушыларға қарағанда  қабілеті төмен оқушылар тапсырмаларды баяу орындайды, соған қарамастан тереңірек түсінетінін болжайды.

  Мұндай болжамға күмәнмен қарауға болмайды, оқу қабілеті жоғары және оқу қабілеті төмен оқушылардың іс-әрекеті мен ойлау қабілетіндегі айырмашылықтарды күнделікті тәжірибеден көріп келеміз. Тиімді оқыту мақсатында кейбір мектептер баланың қабілетіне қарай сыныптарға  іріктейді.    Менің сабақ беретін кейбір сыныптарымда  оқу қабілеті төмендеу оқушылар іріктелген. Онда баяу ойлайтындар да, шапшаң қимылдайтындар да бар. Оқу үдерісінде олардың  шама-шарқына қарай  төмен, орта және ортадан жоғары тапсырмалар беремін. Мұндай кезде Қараевтың «Деңгейлеп оқыту» статегиясын пайдаландым. Төмен деңгейлі сұрақтан  жоғары деңгейге қадам баса отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Біліміне сенетін оқушы бірден жоғары деңгейлі сұрақты таңдайтыны бар. Қанша жерден жақсы оқитын оқушы болса да төмен деңгейлі сұраққа жауап беруден бастауы тиіс. Егер жоғары деңгейлі сұраққа жауап беріп, төменгі деңгейді білмей тұрса,онда ол оқушыны қабілеті жақсы деп мадақтай алмайсың. Кейде орташа бағамен оқитын оқушылар жақсы баға алу үшін жоғары деңгейлі сұрақты таңдайтыны бар. Баланың талпынысын қолдағың келеді, бірақ  атүсті дайындалған білім жетістікке апармайды. Әр оқушы-тұлға, әр тұлғаның пікірі құнды екені, бір-біріміздің пікірімізге сыйластықпен қарауымыз керек екені жөнінде пікірлестім. Оқушыларым берілген тапсырманы дұрыс түсінгенімен , оны орындауы қиынға соқты. Бірінің пікіріне бірі қарсы шығу, топтық жұмыстарда сайысқа түсіп кету, көзқарастарын мойындата алмай ашуға берілу жағдайлары орын алды. Мұндай ситуациялар бірлескен жұмыстарды ынтымақтаса атқару атмосферасының жойылуына әкеліп соқты, сыныптағы «қауқарсыз Абылай», «үнсіз Мадина», «сенімсіз Ғанилардың» өзін-өзі көрсетуіне, танытуына кедергі болды. Бұл- менің алдымдағы үлкен тосқауыл еді . Енді мен бірлескен жұмыс жасаудың басқа тәсіліне көшу керек деп шештім. Ол үшін жаңа жобаның әкелген өзгерістеріне оқушылар үрке қарамаса да, жаңа тәртіпке қалыптасуы үшін уақыт керек екенін түсіндім. «Өзгеріс- өткінші оқиға емес, ол уақытты керек етеді» демекші,  жаңа жобаның өзгерісі уақыт өте келе нәтиже беретініне сенімді болдым. ( «Мұғалімнің сенімі оның көзқарасын, шешім қабылдауын және іс-әрекетін нығайтады»(Мұғалімге арналған  нұсқаулық» 6-бет))

     Күнделікті тәжірибеде жаңа тақырыптар негізінде әдептілік, бірін-бірі тыңдай білу, мәдениетті болуға тырысу, мейірімді болу, біреуге көмек қолын созу сияқты мәселелерді тығыз байланыстырып отырдым. Яғни, оқушы уақыт өте келе өзін-өзі реттеуін дәлелдей бастады. Топтық жұмыс, жұптық жұмыстарда бірлесе жұмыс жүргізуге бет бұра бастады. Тіпті, бірінші сабақтың өзінде «маған бұлай оқыған ұнамайды» деген «өзімшіл Заманбектің» өзі бірлескен ынтымақтастық жұмысқа белсене ат салыса бастады...

      Сынып оқушыларының ішіндегі  Заманбек- оқуға жауапкершілікпен қарайтын, күнделікті сабаққа дайындалып келетін екпінді оқушы.Ол теориялық білімді жақсы меңгергенімен, оны өз тәжірибесінде қолдана алмайтынын жиі байқаймын. Қазақ тіліндегі ережені мүлтіксіз айтады, әдебиеттен шығармаларды қиналмай түсіндіреді, бірақ осы біліміне сай шығарма жазып, ой-толғай алмайды, лингвистикалақ құзіреттілігі жетіспейді. Бұл өз кезегінде оның сыни ойлауына, метасанасының дамуына тосқауыл. Сыныпта мұндай оқушылар бір Заманбек емес. Проблеманың шешу жолы не? деген сұрақ көптен мазалайтын. Мен әртүрлі тәсілдерді қолданып көрдім. Қосымша әдеби кітаптар оқуға , шығармалар бойынша  талдау жүргізуге тапсырмалар беретінмін. Талдау, әңгімелесу барысында олардың ойын жүйелі, мәнді, мағыналы етіп жеткізуіне назар аудардым. Сөйлеуде әдеби сөздерді пайдалануды талап еттім. Мұның бәрі нәтижеге алып келмеді дей алмаймын, оқушылар жүйелілікке, бірізділікке үйренді. Алайда, жаңа жоба бойынша жүргізген сабақтарымда топтық, жұптық жұмыстардағы дамыту статегиялары менің алға қойған мақсатарыма тез жетудің  жолын көрсетті. Әсіресе, сабақтарында  топтастыру, Блум таксономиясы, Рафт стратегиялары оқушылардың қабілеттеріне қарай сұрақ таңдауларына, қиялдарына ерік берулеріне мүмкіндік берді.Сондай-ақ,  қай деңгейлі оқушы болсын оқу үдерісінен қалыс қалмай, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылды. Тіл байлығы жетіспейтін кедергісі бар оқушылар да ешкімнен қалыс қалмауға тырысып, ойларын еркін жеткізуге ат салысты. «Балалардың бойында ұлы мүмкіншіліктердің бәрі бар» деп, Т.Фуллер айтқандай ,бала бойындағы дарындылық, ғылымилық қабілетін ашу, жақсы танымдық қасиеттерін зерттеу - бүгінгі заманның талабы.

 



Источник: http://1
Категория: Мои статьи | Добавил: gup69 (24.01.2014) | Автор: Меруерт Айтаева E
Просмотров: 4243 | Рейтинг: 0.0/0
Категории раздела
Наш опрос
Оцените наш сайт
Всего ответов: 80
Форма входа

Обновите код информера...
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Flag Counter